Православие христианы өмірінің мақсаты — Құдаймен қауышу. Өзін христианмын деп атайтын әрбір адам Бір Құдайға сенеді.
Ал сену деген не? Сену — сенім арту, сүю және мойынсұну деген сөз. Сенуші Құдайға өзінен де артық сенеді, Құдайды өзінен де артық сүйеді және өз еркінен гөрі Оның өсиеттерін орындауға ұмтылады.
Біз Иеміз Құдайдың әрдайым жанымызда екенін, бізге жақын екенін және Өзінің балалары — бізді ешқашан тастамайтынын білеміз. Христиан өз өмірінде Құдайдың қамқорлығы әрекет ететінін, яғни Оның ерекше қамқорлығын сезінеді. Өзінің қамқорлығымен Иеміз Құдай адамды зұлымдықтан құтқарылуға және Көктегі Патшалықтағы мәңгілік өмірге жетелейді.
Кейде бұл жол ауыр сынақтар арқылы өтеді. Алайда Құдай Өзіне сенгендерді ешқашан тастамайды. Иеміз Исаия пайғамбар арқылы әрбір сенушіге былай дейді: «Қорықпа, өйткені Мен сенімен біргемін; уайымдама, өйткені Мен сенің Құдайыңмын; Мен саған күш беремін, жәрдем етемін және Өз әділдігімнің оң қолымен қолдаймын» (Исаия пайғамбар кітабы, 41-тарау, 10-аят). Православие сенімі — Құдайдың бар екенін мойындау ғана емес, Тірі Құдаймен шынайы әрі жанды байланыс. «Сенімсіз Құдайға ұнау мүмкін емес» (Еврейлерге хат, 11-тарау, 6-аят), — деп үйретеді елші Павел. Бізді сауықтырып, нығайтатын Құдайдың құтқарушы рақымы тек біздің жеке сеніміміз арқылы беріледі. Ең маңызды сұрақтар — сенімді қалай табуға және оны жүрегімізде қалай нығайтуға болады? Сенім Құдайға бет бұру арқылы, дұға арқылы дариды. Дұға еткен адам өз өмірінде Құдайдың қатысуын сезіне бастайды, сондықтан оған Құдайдың бар екенінің өзге дәлелдері қажет болмайды. Ол Иемізге дұға арқылы жүгінгенде, тілегеніне ие болатынын біледі. Сенімді нығайтатын екінші нәрсе — Құдайға деген ризашылық. Өміріміздегі Құдайдың игіліктері мен бізге берілген сыйларын байқай білу қажет. Сонымен қатар Иемізге өмірдің қуанышты сәттері үшін ғана емес, жіберілген сынақтар үшін де алғыс айту керек.
«Жақсылық болса — Құдайды мадақта, сонда жақсылық сақталады. Жамандық болса — Құдайды мадақта, сонда жамандық тоқтайды. Барлығы үшін Құдайға мадақ!» — дейді святитель Иоанн Златоуст.
Дұға — ең алдымен Құдаймен қарым-қатынас. Өзінің сипаты жағынан дұға — әңгіме, сұхбат, яғни сөз арқылы білдірілетін тілдесу. Құдайды есту, Оны Әке ретінде сезіну, өміріміздегі Оның қатысуын сезіну — міне, дұғаның шынайы мақсаты осында.
Құдайдың дұғаға берген жауабы әртүрлі түрде келуі мүмкін, бірақ христианның шынайы әрі жүректен шыққан дұғасы ешқашан жауапсыз қалмайды. Құдайға дұға ету үшін өзіміз сөйлейтін және ойлайтын тілден басқа тілді білу міндетті емес.
Ғибадатханада құлшылық кезінде ерекше литургиялық тіл қолданылады, алайда үйдегі дұға үшін бұл міндетті емес. Құдаймен ата-анамызбен, балаларымызбен және жақындарымызбен сөйлескендей қарым-қатынас жасауға болады. Ең бастысы — дұғамыз шынайы, қастерлі әрі жүректен шыққан болсын.
Дұғаны кез келген жерде және кез келген уақытта жасауға болады. Үй жағдайында да, храмда да христиан иконаларға қарап тұрып дұға етеді және дұғасын айқыш белгісімен сүйемелдейді, яғни өзіне айқыш таңбасын түсіреді. Ол үшін оң қолдың үш саусағы (бас бармақ, сұқ саусақ және ортаңғы саусақ) біріктіріліп, қалған екі саусақ (аты жоқ саусақ пен шынашақ) алақанға бүгіледі. Содан кейін дұға етуші оң қолымен кезекпен маңдайына, кеудесіне, оң және сол иығына тигізеді. Алайда ерекше жағдайларда отырып та (мысалы, қоғамдық көлікте), тіпті жатып та (мысалы, ауруына байланысты төсекке таңылған кезде) дұға етуге болады. Мұндайда сыртқы дұға белгілерін қолданбай-ақ, ерінді қимылдатпастан, іштей ақылмен және жүрекпен дұға етуге болады.
Дұға өзінің мазмұнына қарай алғыс айту, тәубе ету немесе тілек тілеу дұғасы болуы мүмкін. Адам көбіне Құдайдың көмегінсіз жете алмас жетістіктерін өзінің қабілеті мен еңбегінің нәтижесі деп есептейді. Сондай-ақ адам өз өміріндегі оқиғалардың артында оған үздіксіз қамқорлық жасап тұрған Құдайды әрдайым байқай бермейді. Құдайдың игіліктері үшін Оған алғыс айтуды және өміріміздегі Оның қатысуын көре білуді үйрену өте маңызды.
Әулиелер құрастырған көптеген дұғалар тәубелік сипатқа ие. Әрбір христиан ұйқыға жатар алдында өткен күнін еске алып, жіберген қателіктері үшін Құдайдан кешірім сұрауға шақырылады. Ал алғашқы мүмкіндік туған кезде бұл қателіктерді тәубе ету құпиясында мойындау қажет.
Тілек тілеу дұғасының мазмұны әртүрлі болуы мүмкін. Адам Құдайдан рухани өмірінде де, түрлі материалдық мұқтаждықтарында да көмек сұрай алады. Тіпті ең қарапайым өтініштермен де Құдайға жүгінуден ұялмау керек. Алайда дұғаны тек материалдық игіліктерге жетудің құралы деп қарастыруға болмайды. Дұғадағы ең маңыздысы — адамның Құдай алдында тұруы және Онымен қарым-қатынас жасауы. Христиан тек өзі үшін ғана емес, ата-анасы, балалары, туыстары, жақындары, қызметтестері, басшылары мен қарамағындағылар үшін де дұға етуге шақырылады. Шіркеу тарихында ананың дұғасы балаларын өлімнен құтқарған, ал әйелдің дәрігерлер үміт үзген ауыр науқас күйеуін Құдайдан тілеп алған жағдайлары аз емес. Жақындар үшін жасалған дұға — оларға көмек көрсетудің әсерлі құралы әрі адамнан ешқандай материалдық шығынды емес, тек мейірімді жүрек пен шынайы ықыласты талап ететін игі істердің бірі.
Иеміз Иисус Христос Өзінің ізбасарларын тек жақындары үшін ғана емес, өзін ренжіткендер мен қудалаушылар үшін де дұға етуге шақырады (Матфей Інжілі, 5-тарау, 43–44-аяттар). Дұға — адам бойындағы зұлымдыққа, өшпенділік пен дұшпандыққа берілетін әмбебап жауап.
Көп адамдар зұлымдықты тек зұлымдықпен жеңуге болады деп ойлайды. Алайда Мәсіх өзгеше үйретеді: зұлымдық жақсылықпен жеңіледі. Ал дұға — осы жеңіске жетудің қуатты құралы. Өйткені жаулар үшін дұға ете отырып, адам өз жүрегіндегі дұшпандық пен өшпенділіктен арылады. Бұл болса татуласу жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Христиандар тек тірілер үшін ғана емес, қайтыс болғандар үшін де дұға етеді. Мұндай дұға, ең алдымен, бұл дүниеден өткен және олардың ақыреттегі тағдырын Құдай шешетін жандар үшін маңызды. Жер бетінде әрбір адам көптеген адамдармен туыстық, сүйіспеншілік, достық және кәсіби қарым-қатынас байланыстары арқылы біріккен. Біз жақындарымыздың тірі кезінде оларға жанашырлық танытқанымыздай, олар бұл дүниеден өткеннен кейін де сол жанашырлығымызды жалғастыруымыз керек. Сонымен қатар, қайтыс болғандар үшін жасалатын дұға жер бетінде өмір сүріп жатқан біз үшін де маңызды. Қайтыс болған жақын адамнан айырылудың қайғысын еңсеруге және онымен рухани байланысты жоғалтпауға да дұға көмектеседі. Бұл байланыс біз де оның артынан мәңгілік өмірге өткен кезде толық қалпына келеді. Кейде: «Егер Құдай Оған не айтқымыз келетінін онсыз да білсе, онда неге дұға ету керек?» — деп сұрайды. Біз Құдайға Оған беймәлім нәрсені айту үшін емес, біз үшін маңызды, жанымызды мазалайтын дүниелермен бөлісу үшін дұға етеміз. Құдай біздің өтініштерімізді әрдайым естиді. Адам өмірі тек Құдайдың еркімен ғана емес, адамның өз қалауымен және Құдайдан не сұрайтынымен де қалыптасады. Түптеп келгенде, өмір — адам мен Құдайдың бірлескен шығармашылығының жемісі.
Христиан өмірінің мақсаты — адамның өз еркін Құдайдың еркімен толық үйлестіру. Сондықтан «Көктегі Әкеміз» дұғасындағы «Сенің еркің орындалсын» деген өтініш кез келген дұғаның өзегіне айналуы тиіс. Біз Құдайдан қалағанымыздың бәрін сұрай аламыз, бірақ ақыр соңында өзімізді Құдайдың еркіне тапсыруымыз керек. Өйткені Құдай бізге не қажет екенін бізден де жақсы біледі. Дәл осы себепті адам кейде Құдайдан сұрағанын ала бермейді. Егер біз дұға етіп, тілегенімізге қол жеткізе алмасақ, бұл Құдай бізді естімейді дегенді білдірмейді: Ол бізді естиді, бірақ басқаша шешім қабылдайды. Құдайға деген сенім бізге кейде Оның үнсіздігін де қабылдауға көмектеседі, өйткені кейде бізге Ол біздің өтінішімізге жауап бергісі келмейтіндей көрінеді. Ата-аналар балаларының өтініштерін естігенімен, олардың бәрін бірдей орындай бермейтіні сияқты, Құдай да бізді әрдайым естиді, бірақ әрдайым біздің күткеніміздей жауап бере бермейді. Құдаймен қарым-қатынаста біз күтпеген жайттарға да, көңіл қалатын сәттерге де дайын болуымыз керек. Алайда мұндай көңіл қалушылықтың себебі Құдайдың біздің өтінішімізді орындай алмауында емес, біздің Оның еркін түсінуге құлықсыздығымызда. Егер Құдай өтінішімізді орындамаса, демек, солай болуы тиіс және бұл — Оның қасиетті еркі.
Дұғаларымызда біз тек Құдайға ғана емес, Құдай Анасына — Аса қасиетті Богородицаға да жүгінеміз, өйткені Ол — барлық православие христиандарының Анасы. Құтқарушы айқышқа шегеленіп, адамдар үшін азап шегіп тұрған кезде, Ол айқыштың жанында тұрған елші Иоанн Богослов пен Өзінің Анасын көрді. Иеміз Оған: «Міне, Сенің ұлың», — деді, ал шәкіртіне: «Міне, сенің Анаң», — деді. Осылайша Ол Иоанн Богословдың тұлғасында бүкіл христиан қауымын Құдай Анасына тапсырды. Сол уақыттан бері біз Оған Өз Ұлының алдындағы Қорғаушымыз әрі Шапағатшымыз ретінде жүгінеміз. Сондай-ақ біз Құдайдың қасиетті әулиелеріне және қасиетті періштелерге де дұға етеміз. Оларды өзіміздің рухани аға-әпкелеріміз, көктегі қамқоршыларымыз және Құдай Тағының алдында біз үшін дұға етушілеріміз деп білеміз.
Православие дәстүрінде ежелден Иисус дұғасы қолданылып келеді: «Господи Иисусе Христе, Сыне Божий, помилуй мя, грешнаго (грешную)». Мұндай дұғаны немесе одан да қысқа «Господи, помилуй» дұғасын (ол құлшылық кезінде жиі айтылады) іштей қайталап айтуға болады.
Осындай дұғаны үнемі қайталап отыру адамға Құдайды бір сәтке де естен шығармауға көмектеседі.
Православие христианының дұғалық ережесі күн сайын оқылатын таңғы және кешкі дұғалардан тұрады. Мұндай рухани ырғақ өте маңызды, өйткені онсыз адамның жаны дұғалық өмірден оңай алыстап кетеді.
Дұғада да, кез келген маңызды әрі қиын істе сияқты, тек шабыттың, көңіл күйдің немесе кенет туған ниеттің өзі жеткіліксіз.
Православие дұғалығында монахтар мен рухани тәжірибесі мол адамдарға арналған толық дұғалық ереже бар. Алайда дұға етуді енді ғана үйреніп жүрген адамға бірден бүкіл ережені толық орындау қиын болуы мүмкін. Сондықтан рухани тәлімгерлер әдетте бірнеше дұғадан бастауды ұсынады.
Күн ішінде қысқа дұғаларды оқу да дәстүрге айналған. Олардың қатарында «Отче наш», «Богородице Дево» және Иисус дұғасы бар.